Ақмола облысында аудан әкімінің орынбасары парамен ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

«Сәулет және қала құрылысы бөлімі» ММ басшысының үстінен де қылмыстық іс қозғалды

 

Фото: Shutterstock

Ақмола облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бір топ адамның алдын ала сөз байласу арқылы пара алу күдігімен облыстағы бір аудан әкімінің орынбасары мен «Сәулет және қала құрылысы бөлімі» ММ басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізуде. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.

«Шенеуніктер 2 жер телімі бойынша жер пайдалану құқығын беру туралы оң шешім шығарғаны үшін кәсіпкерлік субъектісінен 800 мың теңге сомасында пара алу күдігіне ілінді», - делінген ақпаратта.

Осы жылдың 15 қазанында күдіктілер ұсталып, Көкшетау қаласының ПБ уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Қазіргі таңда бұлтартпау шарасын таңдау туралы мәселе шешілуде.

Тергеу жалғасып жатыр.