Жыл басынан бері 13 мың адам жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен

Автор: Azattyq Rýhy

Оның ішінде әрбір оныншы адам көз жұмған

Фото: ашық дереккөзден

Қазақстанда осы жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында барлығы 8,9 мың жол апаты тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 22,2 пайызға төмен. Былтыр аталған кезеңде 11,5 мың жол-көлік оқиғасы болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ranking.kz-ке сілтеме жасап.

Жол-көлік оқиғаларының басым бөлігі Алматы қаласында тіркелген (2,2 мың жағдай. 2019 жылмен салыстырғанда 34,9 пайызға аз). Одан кейінгі тізімде Алматы мен Жамбыл облыстары тұр.  

ҚР ИИДМ мәліметінше, көлік апаттарының 95 пайызы жүргізушілердің салғырттығынан болады. Ал ЖКО азаюына карантин шаралары ықпал еткен. Қазіргі уақытта жол бойындағы транспорттар саны бірнеше есеге кеміген.

Алайда шектеу шаралары алынғаннан кейін автомобильдердің қозғалысын жиілетіп, артынша апатты жағдайлардың көбеюіне әкеп соқты.

Соңғы 9 айда ЖКО 13 мың адам жол апатынан зардап шеккен. Оның 6,6 мыңы ер адам болса, 5,1 мыңы әйел, 2 мыңы – кәмелет жасына толмағандар.