Ғалымдар коронавирусты қайта жұқтыру қаупін зерттеп жатыр

Автор: Azattyq Rýhy

Бұрын ауырған адамдар да барынша сақтанып жүруі тиіс

Фото: elements.envato.com

Әлемдегі ғалымдар пандемия басталғалы бері COVID-19 вирусын жұқтырған адамның қайта жұқтыру қаупі туралы белсенді пікірталас жүргізіп келеді. Бұл туралы Коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның баспасөз қызметі хабарлады. 

The Lancet журналының 12 қазандағы санында 25 жастағы америкалықтың қауіпті инфекцияны екінші рет жұқтырғаны жайлы мақала жарияланды.

Науқас инфекция белгілерімен медициналық көмекке екі рет: бірінші рет сәуір айында, екінші рет мамыр айының соңында - маусым айының басында жүгінген. Екінші рет жүгінген кезде коронавирус жұқтырған науқастың белгілері бұрынғыға қарағанда ауыр болып, оттегі қолдауын қажет еткен.

Коронавирус инфекциясын растау үшін дәрігерлер ғылыми тәжірибе жүргізіп, нәтижесінде науқастың SARS-CoV-2 вирусының генетикалық әртүрлі штамдарын жұқтырудың екі жағдайын бастан өткергенін көрсетті.

Аталған жағдай коронавирус инфекциясын екінші рет жұқтыру қаупінен ешкімнің 100 пайыз қорғалмағанының айқын дәлелі. Демек, бұрын ауырған адамдар да барынша сақтанып, алдын алу шараларын ұстануы тиіс.

Еске сала кетейік, 13 қазанда бірінші рет әлемде коронавирусты қайта жұқтырған науқастың өлімі тіркелді. Ол – 89 жастағы Нидерланд азаматы.