Өткен тәулікте Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайына 789 адам ұшып келді
Өткен тәулікте Нұр-Сұлтан қаласына 7 ұшақ келіп қонды. Әуе рейстерін Air Astana, Turkish Airlines және Flydubai әуе компаниялары орындады. Экипажды қосқанда жалпы 789 жолаушы ұшып келді. Бұл туралы әуежайдың баспасөз қызметі хабарлайды.
Олардың ішінде 150 адамда ПТР-тест анықтамасы болған жоқ. Олар карантин стационарына жеткізілді. Егер аталған адамдарда коронавирус анықталмаса - үйіне қайтады, анықталса, инфекциялық стационарға жатқызылады.
Еске сала кетейік, 3 қазанда Қазақстанның Бас мемлекеттік санитар дәрігерінің ҚР мемлекеттік шекарасындағы өткізу пункттерінде коронавирус инфекциясының алдын алу жөніндегі шараларды одан әрі күшейту туралы қаулысы шықты.
Қаулыға сәйкес, 6 қазаннан бастап жолаушылар тасымалындағы тәртіптер өзгеріп, карантиндік талаптар күшейтіледі.
Жаңа қаулы тәртібі бойынша, Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын адамдар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өткен кезде кем дегенде 72 сағат бұрын алынған ПТР әдісімен COVID-19-ға тесттен өткені туралы анықтама болмаған жағдайда кіруге жіберілмейді.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасына шетелден авиарейстермен келетін барлық адамдар термометриядан, сауалнамадан өтеді және Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын кесіп өткен кезде кем дегенде 72 сағат бұрын алынған ПТР әдісімен COVID-19-ға тесттен өткені туралы анықтаманы ұсынады.