Атырау емханасынан ұрланған 70 млн теңгенің дәрігерлердің үстемақысына қатысы бар ма?
Бұл туралы облыстық басқарма басшылығы түсінік берді
9 қазанда Атырауда пандемия кезінде жұмыс жасағандары үшін әлі күнге дейін өтемақы алмаған №1 қалалық емхананың 30-дан астам қызметкері емханада жиналды. Олардың айтуынша, екі мәрте құжат тапсырғанымен, денсаулық сақтау басқармасы өтемақы төлеуден бас тартқан.
Басшылық оның себебін №1 емхананың шотынан түсініксіз жағдайда 70 млн теңгенің жоғалуымен түсіндірген. Алайда, арада 4 күн өткеннен кейін облыстық денсаулық сақтау басқармасының уақытша міндетін атқарушы Асхан Байдуәлиев аталған мәселеге қатысты қайта түсінік беріп, емханадан ұрланған 70 млн теңгенің үстемеақы мен өтемақыға еш қатысы жоқ екенін айтты.
А. Байдуәлиев тамыз айында емхана әкімшілігі жергілікті басқармаға коронавирусқа қарсы күресте қызмет еткен 33 дәрігердің құжаты жіберілгенін, оның 13-іне ғана үстемеақы төленетіні белгілі болғанын да мәлімдеді.
«Бастапқыда 10 медицина қызметкерінің құжаты қабылданды, 129-бұйрыққа өзгеріс енгізілуіне байланысты тағы үш қызметкерге үстемеақы төленетін болды», - деді ол.
Ал, емхана шотынан ұрланған 70 млн теңге бойынша тиісті құқықтық органдар тергеу-анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр.