Қызыл жалын 110 шаршы метр аумақты шарпыған
Алматыда жанармай бекетінен өрт шықты, - деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
ТЖД мәліметінше, «Петрол Азия» жанармай құю кешені өртенген. Өрт бекеттің кассалық бөлмесінен шығып, нысанға жақын орналасқан техника жөндеу орталығына қарай жайылған. Өрттің жалпы аумағы 110 шаршы метр. Өрт сағат 10:56-да ауыздықталды.
«Петрол Азия» жанар-жағармай бекеті Алатау ауданының аумағында орналасқан. Өрт шыққан аумаққа мамандар сағат 10:32-де жетіп, 10:56-да өрт толық ауыздықталды. Жарылыс болған жоқ. Өртті сөндіруге 43 қызметкер мен 11 техника жұмылдырылды»,- деді Алматы қаласы ТЖД бастығының орынбасары Арман Байгелов.
Көліктерге бензин мен дизель отынын құятын бағандарға қызыл жалын небәрі 5 метр ғана жетпей қалған. Жанар-жағармай бекетінде жалпы көлемі 300 тонналық 10 резервуарда сұйық отын сақталған. Дер кезінде жеткен ТЖД мамандары жойқын жарылыстың алдын алып қалды, деді Алматы қаласы ТЖД баспасөз қызметіндегілер.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы