Ақтөбеде көлік жүргізу құқығынан айырылған жүргізуші жол апатына ұшырады

Автор: Azattyq Rýhy

Ол рөлді игере алмай, көлігімен жолдың сол жағына аударылып кеткен

Ақтөбе облысында көлік басқару құқығынан айырылған жүргізуші апатқа ұшырады, деп хабарлайды Polisia.kz.

«5 қазан күні Самара – Шымкент тасжолының 965 шақырымындағы Қарабұтақ кентінің маңында «Лада-21703» көлігінің 22 жастағы жүргізушісі қозғалысқа кедергі мен қауіп туындаған кезде көлік құралының жылдамдығын азайту бойынша шаралар қабылдамай, рөлді игере алмастан, көлігімен жолдың сол жағына аударылып кеткен», - делінген ПД хабарламасында.

Жол-көлік оқиғасы салдарынан жүргізуші Әйтекеби ауданының орталық аудандық ауруханасына жеткізілді.

Тексеру кезінде жүргізушінің көлік  құралдарын басқару құқығы жоқ екені анықталды және оған биылғы жылдың тамыз айында ҚР ӘҚБК-нің 612-бабының 2-бөлігі (Құжаттары жоқ және басқару құқығы жоқ адамның көлік құралын басқаруы)  бойынша  15 айлық есептік көрсеткіш түріндегі айыппұл салынған. Қазіргі таңда аталған жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБК 612-бабының 3-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.