Түрмедегі туысына есірткі тасымалдағандар ұсталды
Есірткі жасырып әкелгендердің үстінен қылмыстық іс қозғалды
Алматы қаласындағы тергеу изоляторында жатқан тұтқындарға әкелген азық-түліктер мен заттардың арасына есірткі жасырудың 3 фактісі анықталды, деп хабарлады Алматы қаласы бойынша ҚАЖ департаменті.
Соның бірі – 31 жастағы ер адам есірткіні шаш жуатын сусабынның арасына салып әкелсе, тағы бір жігіт үйге киетін шәркейдің ұлтанына жасырған.
Есірткі жасырып әкелгендердің барлығының үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 296 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Аталған бапта есірткі тасымалдаушыларды 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген.
«Алматы қаласы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаменті азаматтарға тергеу тұтқынында жатқан туыстарына есірткі немесе тыйым салынған заттарды тасымалдау қылмыстық әрекет болып табылатынын, олар тек қана өздері жазаланып қана қоймай, бұл әрекеттің тұтқында жатқан туыстарына да кері әсер ететінін ескертеді», – дейді Департамент бастығының орынбасары әділет подполковнигі Ерлан Ұзақов.