Теміртаулық полицей қызметтік көлікпен адам қағып өлтірді

Автор: Azattyq Rýhy

Жол апатынан зардап шеккен 65 жастағы ер адам ауруханада көз жұмды

Фото: ашық дереккөзден

Теміртауда полиция қызметкері қызметтік көлікпен 65 жастағы ер адамды қаққан. Бұл туралы қарағанды облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.

«3 қазанда Теміртау қаласындағы Республика даңғылы бойымен Восточная көшесіне қарай бет алған Lada Vesta қызметтік автокөлігін жүргізген полиция өкілі тұманға байланысты жолды дұрыс көрмей, реттелмеген жаяу жүргіншілер жолағымен өтіп бара жатқан 65 жастағы ер адамды қаққан. Жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен тұрғын ауруханада қайтыс болды», - делінген хабарламада.

Оқиға орнына Қарағанды ​​облысы Полиция департаментінің басшылығы және Теміртау қалалық прокуратурасының өкілдері жеткен. Олардың басшылығымен жол-көлік апатына себепкер болған полиция сержанты наркологиялық диспансерде тексеріліп, оның мас емес екені белгілі болған.

Аталған факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.