«Ата-анасын кінәлауға болмайды»: БҚО-да автокөлікпен бірге суға батып кеткен үш баланың туысы оқиға туралы айтты

Автор: Azattyq Rýhy

Отбасы табиғат аясына демалуға шыққан

Фото: баспасөз қызметінен

Батыс Қазақстан облысында автокөлікпен бірге суға батып кеткен үш бала туралы оқиғаның мән-жайы белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Мой город» басылымына сілтеме жасап.

«Қайтыс болған балалар Достық ауылында тұрған. 9 және 7 жастағы екі ұл – ағайынды. Ал алты жастағы тағы бір бала басқа отбасының мүшесі. Екі ұлынан айырылған ата-ананың тағы бір кішкентайы бар.  Туыстарының айтуынша, олар әлі өз-өзіне келе алмай жатыр», - деп жазады басылым.

Туыстарының айтуынша, екі отбасы демалыс күні табиғат аясына шығып демалып, балық ауламақ болған. Ал автокөлікті биіктеу жерге қойған. Алдымен жүгіріп ойнап жүрген балалар кейін көлікте отырып телефон көрмек болған.

«Автомат басқарудағы көлік тұрақта тұрған, бірақ техникадан ақау шығып, көлік өздігінен суға жүріп кеткен. Бұл қас-қағым сәтте болды. Ата-аналар балаларын құтқаруға жүгіргенімен, көліктің есіктері бұғатталып қалды. Ал суда терезелерді сындыру мүмкін болмады. Бұл үлкен қайғы. Балалардың ата-анасын кінәлауға болмайды. Былай боларын ешкім білмеді. Оларға қазір оңай емес», - дейді балалардың туысы.

Оның айтуынша, алты жасар баланың отбасында тағы екі бала бар. Оқиға кезінде олар көлікке отырмаған. БҚО Полиция департаментінің хабарлауынша, оқиғаға байланысты ҚР ҚК 119 бабы бойынша («Қауіпті жағдайда қалдыру») қылмыстық іс қозғалған.

Естеріңізге сала кетсек, кеше Оралда автокөлікпен бірге үш бала суға батып кеткенін хабарлаған едік.