Елордада карантин талаптарын бірнеше рет бұзған түнгі клуб әкімшісі қамауға алынды

Автор: Azattyq Rýhy

Полиция қызметкерлері барғанда түнгі клубта 30-ға жуық адам болған

Фото: polisia.kz

Нұр-Сұлтанда түнгі клубтың әкімшісі карантинді бірнеше рет бұзғаны үшін қамауға алынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

«Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі қызметкерлері «Алания» түнгі клубында карантиннің бұзылғанын анықтады. Полиция қызметкерлері түнгі клубқа барғанда, онда 30-ға жуық адам болған. Бұған дейін түнгі клубтың 25 жастағы әкімшісіне бірнеше рет ескерту жасалған. Соған қарамастан мекеме қызметін жалғастыра берген», - деп жазылған ақпаратта.

Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаменті азаматтарға ойын-сауық орындарында болу кезінде инфекция қаупі жоғары екенін ескертеді.