Шымкентте 11 айлық бала көптонналы экскаватор соққысынан мерт болды

Автор: Azattyq Rýhy

Ауруханаға жеткізілген жерінен тағы бір адам қаза тапты

Шымкентте жеңіл автокөлік пен көптонналы экскаватор соғысып қалды. Салдарынан 11 айлық бала мерт болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.

Автокөлік жоғары жылдамдықпен келе жатып, экскаваторға соғысқан. Оқиға орнында 11 айлық бала қайтыс болды. Ауруханаға жеткізілген үш ересек адамның бірін дәрігерлер құтқара алмады, ол ауруханаға жеткізілген соң қаза тапты. Бейнебақылау камераларындағы кадрларда арнайы техника жүргізушісінің жол жүру ережелерін елемей, дұрыс емес бұрылғанын көруге болады. Дәл осы уақытта жеңіл автокөлік оған соғылады. Куәгерлер зардап шеккендерді әрең шығарып алғандарын айтады. Қазір дәрігерлер аман қалған екі адамның өмірі үшін күресуде.

«Әйелге шұғыл түрде бауырдың жарылуы бойынша операция жасалды. Қазіргі уақытта жағдайы тұрақты, ауыр. Қазір жан сақтау бөлімінде. Үшінші науқастың жағдайы тұрақты»,- деді ОКБ хирург-дәрігері Тимур Тұрғанбеков.