Елордада шлагбаумды сындырған бұзақылар тұрғындардан кешірім сұрады

Автор: Azattyq Rýhy

Оларға 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды

Нұр-Сұлтан қаласында Күйші Дина, 22 үй мекенжайында орналасқан тұрғын үй ауласының шлагбаумын сындырған бұзақылар қала тұрғындарынан кешірім сұрады. Қатты мас күйде болған екі азаматтың шлагбаумды сындырған сәті үй ауласында орнатылған камераға түсіп қалған.

Алматы ауданы полиция басқармасының қызметкерлері камераға түсіп қалған екі азаматтың жеке басын анықтап, жауапқа тартты. Қоғамдық орында қатты мас күйде болған азаматтарға 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды.  

Одан бөлек, екі азаматқа қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабы 1-бөлімі бойынша (ұсақ бұзақылық) іс қозғалды. Нұр-Сұлтан қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен бұзақылық жасағандарға 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.

Күйші Дина, 22  мекенжайындағы тұрғын үйдің ауласына келтірілген зиян қалпына келтірілді.