Шымкентте қонақүйде притон ұйымдастырғандар анықталды

Автор: Azattyq Rýhy

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды

Фото: ашық дереккөзден

Республика көлеміндегі «Стоп-трафик» іс-шара шеңберінде Шымкент қаласының Полиция департаменті Криминалды полиция басқармасының қызметкерлері адам саудасына қатысты қылмыстарды анықтау және олардың алдын алу бойынша жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

«Шымкенттік тәртіп сақшылары аталған іс-шара барысында қаладағы қонақ үйлердің бірінде жезөкшелікпен айналысуға арналған притон ұйымдастырған азаматшаны анықтап, Еңбекші ауданының Полиция басқармасына жеткізді», - деп жазылған хабарламада.

Аталған факт бойынша ҚР ҚК-нің 309-бабының 1-бөлігімен (Жезөкшелiкпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау және жеңгетайлық) қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды.