«Пәтер алып беремін»: Қызылорда тұрғынын алдап соққан алаяқ сотталды
Ол төрт жарым жылға бас бостандығынан айырылды

Қызылорда тұрғынын «пәтер алып беремін» деп алдап, оңай ақша таппақ болған алаяқ сотталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда қаласының 49 жастағы тұрғыны алаяқтың арбауына түсіп қалды. Қала орталығынан үш бөлмелі пәтер алып беремін деген азаматтың сөзіне сенген ол 2 миллион теңге көлемінде ақшасын берген.
Бұл дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190 бабы 1-бөлігімен (Алаяқтық) сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілді. Тергеу барысында күдікті қатарында танылған Қызылорда қаласының тұрғыны өзінің жасаған қылмыстық әрекетін толығымен мойындаған.
Бұдан бөлек, күдіктінің өзге де алаяқтық қылмыс жасағаны анықталды. Тергеу барысында күдіктінің алаяқтық іс-әрекеті толығымен дәлелденіп, аталған іс айыптау актісімен сотқа жолданды.
Осылайша, алаяққа Қызылорда қалалық сотымен төрт жыл алты айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.