Тәртіп сақшылары бұрын сотталған 26 жастағы жұмыссыз азаматты қолға түсірді
Қызылордалық полицейлер дүкен сатушыларын «ойыншық тапаншамен» қорқытып, ақша талап еткен тонаушыны ұстады. Бұл туралы Polisia.kz хабарлайды.
9 қыркүйек күні сағат 19:00-де Қызылорда қалалық полиция басқармасының кезекші бөліміне облыс орталығының 42 жастағы тұрғынынан хабарлама түсті. Полицияға хабарлаcқан азаматша қаладағы азық-түлік дүкендерінің бірінде сатушы болып жұмыс істейді. Оның айтуынша, сол күні дүкенге белгісіз жігіт кіріп, шалбарының артқы қалтасынан тапаншаға ұқсас зат алып, оны қорқытқан. Сосын күдікті азамат дүкеннен арақ, шарап және сусын алып кеткен. Сатушы әйел тез арада 102 пультіне қоңырау шалады.
Сол аралықта полицияға тағы да осындай хабарлама түскен. 36 жастағы қала тұрғыны кешкі сағат 20:00-де белгісіз азаматтың азық-түлік дүкеніне кіріп, қорқытып, ақшасын тартып алғысы келгені туралы хабарлаған. Азаматшаның айтуынша, ол өзінің жеке куәлігін беріп, сатушы әйелден 5000 теңге ақша талап етеді. Содан соң қалтасынан «ойыншық тапанша» шығарған азамат сатушы әйелден кассадағы барлық ақшаны беруін талап еткен.
Алайда, сатушы қорықпай, кассаны жауып, ер азаматқа бейнебақылау камерасы бар екенін көрсетіп, оның барлық әрекеті жазылғанын және күйеуі дүкен ішінде жүргенін айтқан. Мұны естіген күдікті дереу қаша жөнелген.
Хабарлама бойынша оқиға орнына жедел-тергеу тобы жетіп, жәбірленушілерден тонаушының бет-әлпетінің сипаттамасын алған. Патрульдік полиция қызметкерлері бірнеше сағат ішінде жүргізген жедел іздестіру кезінде бұрын сотталған 26 жастағы жұмыссыз азаматыт ұстады. Одан айғақты заттар тәркіленді. Оның ішінде «ойыншық тапанша» да бар.
Тексеру барысында күдікті азаматтың екі тонау дерегіне қатысы бар екені анықталды.
Күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 191-бабы 2-бөлігінің 1-тармағымен (Жәбірленушінің өміріне немесе денсаулығына қауіпті емес күш қолдану қатерін төндіріп жасаған тонау) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қазіргі таңда күдікті уақытша ұстау абақтысына қамаққа алынды.