Ақтау қаласының 35 жастағы тұрғыны 13 жасар қызбен хат алмасқан

Автор: Azattyq Rýhy

ІІМ интернеттегі балалар мен жасөспірімдерге теріс әсер ететін дүниелерге алаңдайды

Көрнекі фото: ашық дереккөзден

Интернет барлық салаға еніп, мемлекеттік және жеке қызметтер «онлайн» режиміне ауысып жатыр. Дегенмен, Ішкі істер министрлігінің өкілі интернетті теріс бағытта пайдаланатындар да көп екенін айтады.

«Желіде пайдалы контент қана емес, сонымен қатар балаларға, олардың денсаулығы мен психикалық дамуына теріс әсер ететін ақпараттар да кездеседі. Отбасында бақылаудың болмауынан, кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдер түрлі зорлық-зомбылық құрбаны болып, порнография қарап, қылмыс жасауға барып жатыр», - деді ІІМ Криминалдық полиция департаменті киберқылмыспен күрес орталығы бастығының орынбасары Рүстем Дүйсетаев.

Орталық мамандары мониторинг жүргізіп, «ВКонтакте» әлеуметтік желісінде порнографиялық фото және видеолардың таралу фактісін анықтаған.

ІІМ қызметкерлері Қызылорда облысы аудандарының бірінен порнографиялық материалдар сатқан 15 жастағы тұрғынды анықтады. Ол жыл басынан бері әлеуметтік желілерде порнографияға интернет-сілтемелер сатып алып, оларды қымбат бағаға сатып келгенін мойындады. Қазір оған қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, қажетті сараптамалар тағайындалды.

Маусым айында Ақтау қаласында 35 жастағы ер адам ұсталды, ол «ВКонтакте» әлеуметтік желісінде 13 жасар қызбен хат алмасып, оны интимдік сипаттағы сурет жіберуге мәжбүр еткен. Ол хат алмасу кезінде кәмелетке толмаған қызды жалаңаш күйдегі фотосуреттерін жіберуге көндіріп, тағы да қосымша фотосуреттер жібермесе, алдыңғы фотоларды әлеуметтік желілерде тарататынын айтып қорқытқан.

Ақтау қаласының 35 жастағы тұрғыны кәмелетке толмағандарды азғыру және порнографияны тарату үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылады.