Түркістандық полицейлер екі жасар бүлдіршінді анасына қайтарды

Автор: Azattyq Rýhy

Баланы әкесі белгісіз бағытқа алып кеткен

Түркістан облысының полицейлері екі жасар баланы анасына қайтарды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Түлкібас аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданған. Ол арызында қызының азаматтық некеде тұратын күйеубаласымен жанжалдасып қалып, артынша баласын алып анасының үйіне келгенін жазған. Сондай-ақ, күйеубаласының қызына тыныштық бермей, екеуіне ортақ баланы белгісіз бағытқа алып кеткенін көрсеткен.

Кәмелет жасына толмаған бүлдіршінді уайымдаған анасы полиция қызметкерлерінен көмек сұраған.

Аталған жайт Түлкібас АПБ-да тіркеліп, полицейлер жедел іздестіру шараларын жүргізді. Екі күн бойы баланы іздеп, оны әкесінің анасы, яғни апасының үйінен тапқан. Тәртіп сақшылары баланы анасына аман-есен табыстады.