БҚО полициясы 12 қап балық тасыған 20 браконьерді ұстады

Автор: Azattyq Rýhy

Оқиға Жайық өзенінің жағасында болған

БҚО полициясы 12 қап балық тасып, қайықпен қашқан 20 браконьерді ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

21 тамыз күні сағат 15:30-да Ақжайық ауданы Шабдаршап ауылынан үш шақырым жерде Жайық өзенінің жағасында заңсыз балық аулаумен айналысатын 20 адамнан тұратын бір топ адам анықталды.

«Оқиға орнына Тайпақ АӨБ жедел-тергеу тобы келіп жетті, ол орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының қызметкерлерімен бірлесіп табылған заттай дәлелдемелерді алды. Ұсталғандардан 12 қап балық, 6 ау және 4 қайық тәркіленді»,- делінген хабарламада.

Алайда, тергеу әрекеттері кезінде Шабдаршап ауылынан 30 адам келіп, билік өкілдеріне қатысты физикалық зорлық-зомбылық көрсеткен және тергеу әрекеттерін жүргізуге кедергі келтірді. Нәтижесінде полиция қызметкерлері мен табиғат қорғау ведомствосы жеңіл дәрежедегі түрлі жарақаттар алды. Оқиға орнына полиция департаментінің бастығы Махсудхан Аблазимов бастаған тергеушілер, жедел уәкілдер мен СОБР қызметкерлерінен құралған арнайы топ жіберілді. 

«Заңсыз балық аулау фактісі бойынша «Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерді заңсыз өндіру» 335-бабының 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, ол бойынша зиянкестерге бес жылға дейін бас бостандығынан айыру қаупі төніп тұр. Сондай-ақ, күш қолдану фактісі бойынша ҚР ҚК 380-бабының 3-бөлігі «Билік өкіліне қатысты күш қолдану» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Айғақты заттар тәркіленіп, тиісті СМК тағайындалды. Тергеу менің жеке бақылауыма алынды», – деді Аблазимов оқиға туралы. 

Қазіргі уақытта тергеумен ұсталғандардың осындай қылмыс түрлеріне қатысы бар деген болжам қарастырылуда.