Ресейлік оппозиционердің ағзасынан әскери у қатарына жататын уыт табылған
Неміс дәрігерлері Алексей Навальныйдың уланғанын мәлімдеді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Берлиндегі «Шарите» ауруханасының дәрігерлері Навальныйды тексере келе осындай шешімге келді. Себебі, оппозиционердің ағзасынан әскери у қатарына жататын уыт табылған. Бірақ оның нақты қандай у екені әлі анықталмаған. Дәрігерлер Навальный жансақтау бөлімінде жатқанымен, оның өміріне еш қауіп жоқ деп отыр.
Еске сала кетейік, тамыздың 20-сы күні Алексей Навальный Томскіден Мәскеуге ұшып бара жатқанда денсаулығы нашарлап, Омбыдағы ауруханаға жеткізілген. Оппозиционерді тексерген Ресейдегі екі зертхана да оның бойында удың жоқ екенін растаған еді.