Өскеменде әйел мен кішкентай сәбиі газдан уланып қайтыс болды

Автор: Azattyq Rýhy

Қайғылы жайтқа электр сымының тұйықталуы себеп болған

Өскеменде іссапардан оралған ер адам үйінде әйелі мен екі жасар ұлының мәйітін тапты, деп хабарлады «Астана» телеарнасы. Алдын ала болжам бойынша, олар түтіннен уланып қалған.

Отағасы сұмдық жайтты көріп, алдымен сәбиіне көмектеспек болыпты. Алайда, оқиға орнына келген жедел жәрдем ана мен баланың қайтыс болғанын тіркеді.

Құтқарушылардың болжауынша, түнде электр сымының тұйықталуынан су жылытатын қондырғыдан ұшқын шыққан және үйдің шатырындағы пластик бықсыған.

«Пластик балқығанда одан бөлінген улы газ бүкіл үйді алып кеткен. Соның салдарынан 1983 жылғы әйел мен оның екі жасар ұлы құтқарушылар жеткенше уланып қайтыс болды. Олардың мәйітін отағасы тапқан», - деді Өскемен қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының баспасөз хатшысы Марина Лискова.

Анықталғандай, небәрі 2 шаршы метр аумақ қана еріген. Соған қарамастан, қою түтін мен улы газ екі адамның өмірін жалмады. Мамандар үйде түтінге қарсы датчиктың болмағанын айтады.

Тегтер: