Карантин талаптарын бұзғаны үшін 32 миллион теңге айыппұл төлейді

Автор: Azattyq Rýhy

Ақтөбе облысы бойынша құқық бұзушылықтардың 34%-ы жұмыс кестесі бұзылуымен байланысты

Ақтөбе облысында санитарлық талаптардың сақталмауына байланысты 32 млн. теңгеге кәсіпкерлер мен жергілікті тұрғындарға айыппұл салынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Хабар 24»-ке сілтеме жасап. 

«Көптеген құқық бұзушылықтар бизнес саласында тіркелді. Нысандар белгіленген кесте бойынша жұмыс істемеді, келушілер әлеуметтік қашықтықты сақтамады, ал кейбір кәсіпкерлер рұқсатсыз жұмыс істеді. Сонымен қатар, аймақ тұрғындары тыйым салынғанына қарамастан салтанатты іс-шаралар өткізуде. Нәтижесінде тексерушілер 300-ге жуық хаттама құрастырды, құқық бұзушылар ірі айыппұл төлеуге мәжбүр болады»,- деді Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз хатшысы Гүлшат Сералы.

Айта кетерлігі, Ақтөбе облысы бойынша құқық бұзушылықтардың жалпы санының шамамен 34%-ы жұмыс кестесінің бұзылуына, 15,8%–ы маска режимінің сақталмауына байланысты. 25%-дан астамы әлеуметтік қашықтықты сақтамауға қатысты. Кәсіпкерлерге барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуына бақылауды күшейту ұсынылды.