«Папам мамама пышақ тықты»: Атырауда әкесі үш жасар қызын бір тәулік бойы мәйіттің жанына жалғыз тастап кеткен

Автор: Бақыт Шынар

Бүлдіршін әлі күнге дейін қызыл киімнен қорқады екен

Фотоколлаж: ЖИ арқылы жасалған, Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Атырауда әйелінің 28 жерінен пышақ салып, өлтірген Ерсінбек Жұмағалиевтің соты жүріп жатыр. Биыл 22 шілде күні үйінде әйеліне тап беріп, аяусыз өлтірген ер адамның ісін атақты судья Зарема Хамидуллина қарап жатқаны белгілі болды. Зарема Хамидуллина бір тәулік бойы анасының мәйітінің жанында жалғыз қалған үш жасар қыздың тағдырына қатты алаңдады, деп жазады Azattyq Rýhy

«Үш жасар бала. «Папам мамама пышақ тықты, көп қан болды» деді. Бала әлі күнге дейін қызыл киім көрсе шошиды екен. Сізден осы уақытқа дейін жауап алмадық. Енді менің мына сұрағыма жауап беріңізші: неге сіз өз балаңызды қауіпті жерге тастап кеттіңіз? Оның үстіне Алмагүлдің (марқұм әйелдің аты Алмагүл Шымырова – ред.) көзі ашық қалғанын көріп тұрсыз ғой...Көзі ашық қалу дегеніміз – кенеттен қайтыс болды деген сөз. Неге сонда үш жасар қызыңызды мәйіттің жанына тастап кеттіңіз?», - деп сұрады Зарема Хамидуллина сотталушыдан.

Бұл сұрақтарға нақты жауап бере алмаған сотталушы Ерсінбек Жұмағалиев «сол сәтте есімді білмедім» дегенді алға тартпақ болды. Бірақ судья оның есін білгенін, баланы әдейі қауіпті жерге тастап кеткенін дәлелдей отырып сөйледі.

«Ашуланып кеттіңіз делік. Бірақ, есіңізді жиғаннан кейін неге қыздың қасына қайтып келмедіңіз? Сіз оқиғадан кейін есіңізді жидыңыз ғой!? Бөлеңіз Русланның үйін тауып бардыңыз, жаяу жүрдіңіз, бағытыңызды білдіңіз. Сонда неге қайтып келмедіңіз? Қызыңызды неге қауіпті жерге тастап кеттіңіз? Бесінші қабаттан секіріп кетсе не істер едіңіз? Осы сұраққа жауап беріңізші, неге қызыңызды тастап кеттіңіз?», - дейді судья.

Бұл сұрақтарға сотталушы жөнді жауап бере алған жоқ.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін хабарлағынымыздай, Атыраудың қылмыстық істер жөніндегі соты биыл жазда азаматтық некедегі әйелін өлтірген Ерсінбек Жұмағалиевтің ісін қарап жатыр. Марқұм әйелдің аты Алмагүл Шымырова еді, оның артында үш жасар қызы қалған.

«Jagdai» ақпараттық паблигі сот отырысынан адам шошырлық видео таратқан. Жарыссөз кезінде прокурорлар оқиға орнынан алынған айғақтарды көрсетті. Айта кетейік, прокурорлар соттан ер адамды өмір бойына соттауды талап етіп отыр. Ал оны қорғап жатқан адвокаттар 10 жылға соттауды сұраған.

Дегенмен, қылмыстың қандай ауыр екенін көрсету үшін прокурорлар сотқа марқұмның үстінен алынған жұқа жейде мен көрпені және қылмыс жасалған пышақты ашып көрсетті.

Видеодан байқалып отырғандай, марқұмның үстіндегі жейдесі өте көп жерден тесілген. Көрпе қанжоса. Ал пышақтың өте үлкен екені байқалады.