Балконынан ақша жауған Atlant-тың пәтерлері арзандай ма әлде қымбаттай ма - сарапшы анығын айтты

Автор: Темірхан Айжан

Қазақстанда криминалды оқиға болған үйдің тарихы туралы сатушы хабарламаса да болады 

Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Ірі жемқорлық оқиғасы болған Астанадағы Atlant тұрғын үй кешенінің пәтерлері арзандай ма? Сарапшылар резонансты жағдайдан кейін жылжымайтын мүлік бағасының күрт түсіп кетуін АҚШ-та «stigmatized property» деп аталатынын айтады, бірақ бұл ұғым негізінен адам өлтіру оқиғаларына байланысты қолданылады.

Еске салсақ, 12 қарашада биік үйдің балконынан ақша толған чемодандар төмен қарай құлдилап, құдды Голливуд киноларындағыдай аулада долларлар шашылып жатқан. Артынша Кейін «Самұрық Қазына» басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан Темір жолы» Ұлттық компаниясы» басшысы Елжас Отыншиев ұсталды. Qazaq Expert Club-тың құрылыс саласындағы сарапшысы Диляра Сейітнұрованың айтуынша, Atlant тұрғын үй кешеніндені пәтерлердің бағасы түскен күннің өзінде, оны дәл осы жемқорлық оқиғасымен байланыстыра алмаймыз, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Krisha.kz сайтындағы хабарландыруларға сәйкес, Atlant тұрғын үй кешеніндегі пәтерлердің шаршы метрінің бағасы шамамен 946 мың теңгеден басталады. Кешен сол жағалауда, «Астана Опера» театры мен сауда орталықтарына жақын орналасқан. Оның артықшылығы жуырда болған оқиғадан асып түседі. Сондықтан сатып алушыларға бұл әсер етпейді», - дейді сарапшы.

Пәтер бағасы қандай жағдайда төмендеуі мүмкін? Егер тергеу кезінде кейбір пәтерлерге тыйым салынса, олардың иелері өз мүлкін сата алмайды.

Сарапшының сөзінше, егер бірнеше пәтер иесі осы жағдайдан кейін үйін сатуға асықса, нарықта сатылатын пәтерлер саны көбеюі мүмкін. Мұндайда сатып алушы табу үшін кейбір сатушылар бағаны түсіруге мәжбүр болады. Бұл бүкіл тұрғын үй кешеніндегі пәтерлер арзандайды дегенді білдірмейді. Бәрі сатылымға қанша пәтер шығатынына және иелерінің қаншалықты тез сатқысы келетініне байланысты болады.

«Бұл оқиға Atlant тұрғын үй кешеніне деген қызығушылықты арттыруы да мүмкін. Өйткені көпшілік осы жағдайдан кейін кешен туралы көбірек біле бастады. Бірақ жұрт осы үйдің тұрғындары ауқатты екен деп пәтер сатып алуға ұмтылады дегенге сенбеймін. Мұны әлеуметтік желідегі пікірлерге қарап емес, нақты қанша пәтер сатылғанына, олардың қандай бағамен өткеніне қарап бағалау керек. Менің ойымша, чемодандарға қатысты оқиға пәтер бағасына айтарлықтай әсер етпейді. Atlant-тағы баспана арзандайды деп те ойламаймын. Қазақстан мен АҚШ-тағы жылжымайтын мүлік нарығының айырмашылығы бар. Бізде үйдің бұрын қандай оқиғалармен байланысты болғанын сатушы міндетті түрде жариялауы керек деген талап жоқ. Оның үстіне, мұндай жаңалықтар уақыт өте ұмытылады. Жарты жылдан кейін бұл оқиғаны жұрт мем ретінде ғана еске алуы мүмкін», – дейді сарапшы.

Еске салайық, 12 қараша күні Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Самұрық-Қазына» АҚ бұрынғы басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан Темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ бұрынғы басшысы Елжас Отыншиев сыбайлас жемқорлық жасады деген күдікпен ұсталды. 13 қарашада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Самұрық-Қазына» АҚ және «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы басшыларының ұсталуына байланысты Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізді.

Мемлекет басшысы Үкімет пен бақылаушы органдарға 24 қарашаға дейін сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын азайту және квазимемлекеттік сектор компанияларының жұмысын жақсарту жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.

Кейін Президент жарлығымен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаев қызметінен босатылды. Мемлекет басшысының пікірінше, сыбайлас жемқорлық ісіне қатысы бар адамдарды ұстау кезінде құқық қорғау органдары тарапынан бірқатар олқылыққа жол берілген. Осыған байланысты Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке де қызметтік жаза жарияланды.