Шығыс Қазақстанда жол жөндеу кезінде адам сүйектері табылды

Автор: Алмас Ерсін

Полиция сүйек қалдықтары ер адамға тиесілі екенін мәлімдеді. Оның жеке басы мен өлім себебі анықталып жатыр

Фото: istockphoto.com

Өскемен – Риддер тасжолында жол жөндеу жұмыстары кезінде адам сүйектері табылды. Сүйек қалдықтары Радуга аумағынан анықталған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Шығыс Қазақстан облысының полиция департаментіне сілтеме жасап.

Instagram желісіндегі osa_news_vko парақшасы мәлімдегендей, бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Алдын ала мәліметке сәйкес, қаңқа қалдықтары ер адамға тиесілі.

Полиция марқұмның қолы мен аяғы байланған деген әлеуметтік желідегі ақпаратты жоққа шығарды.

«Қазіргі уақытта танылмаған адамның жеке басын және өлімінің себебін анықтауға бағытталған іс-шаралар жүргізіліп жатыр», – деді полиция.