«Біреуі де іздеп келмеді»: марқұм өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің жесірі қайғылы күнді еске алып, өкпесін білдірді

Автор: Темірхан Айжан

Бүгін Асқар Забикулиннің қайтыс болған күні 

Фото: instagram.com/anelya_zn

Астанада қызмет бабында жүріп ерлікпен қаза тапқан өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің жесірі жантебінерлік видео жариялады. Ол марқұм күйеуі құтқарам деп жанын берген адамдарға ренішін де білдірген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Әнел Забикулина марқұм жарын әлі іздейтінін жазады.

«Сенсіз төртінші күз…төртінші қараша… Уақыт өтіп жатыр, күндер ауысып жатыр, өмір өз ағысымен жалғасып жатыр. Бірақ менің жүрегімде уақыт тоқтап қалған бір күн бар… Сен кеткен күннен бері қанша таң атты, қанша кеш батты… Бірақ бір нәрсе өзгермеді-саған деген сағынышым. Кейде бәрі түс секілді көрінеді. Қазір есіктен кіріп келетіндей, даусыңды еститіндей, бәрі бұрынғы қалпына келетіндей. Бірақ артынша шындықпен қайта бетпе-бет келемін. Қыздарымыз өсіп келеді. Сен көрмеген сәттер, сен куә болмаған қуаныштар, айтылмай қалған әңгімелер көбейіп барады. Әрбір жетістігімде сені іздеймін. Әрбір қуанышымда жанымда болғаныңды қалаймын. Сағыныштың уақыты болмайды екен. Жылдар өтсе де, жүрек үйренбейді екен. Сен менің өткенім ғана емессің. Сен-жүрегімнің мәңгілік бір бөлшегісің», - деп жазды ол.

Оның жазбасына көп адам пікір қалдырып жатыр. Желі қолданушысының бірі «Асқар Забикулин құтқарып қалған отбасы өрт сөндірушінің отбасына көмектесіп тұра ма?»,- деп сұрақ қойды.

«Осы 4 жылда менің күйеуім құтқарған ешбір адам үйіміздің табалдырығын аттап баспады. Мен олардың түрін көрген емеспін. Ал менің жарым солар үшін жанын берді», - деп өкпесін білдірді Әнел Забикулина.

Оқи отырыңңыз: Өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің жесірі Тоқаевтың қолынан марапат алды

Еске салайық, Асқар Забикулин 2022 жылы 20 қарашада қызметтік борышын өтеу кезінде ерлікпен қаза тапты. Президенттің Жарлығымен қайтыс болғаннан кейін І дәрежелі «Айбын» мемлекеттік наградасымен марапатталды. Батыр-құтқарушының артында әйелі, 2 қызы қалды. 

Біздің Instagram және TikTok желісіндегі парақшаларымызға жазылыңыздар.