Көршілері үш рет оқ атылғанын естігенін айтады
Ақтөбеде 16 қарашада болған атышулы кісі өлтіру оқиғасына қатысты жаңа мәліметтер жарияланды. Кісі қолынан қаза тапқан 49 жастағы Айболат Жисов қаладағы жанармай құю бекеттері желісінің директоры болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Телеарна мәліметінше, ер адам таңертең өз үйінде оққа ұшқан. Оқиға болған маңдағы көршілер сол күні таңертең бірнеше рет оқ атылған дыбыс естіген.
«Шамамен сағат 7:30–7:40 кезінде үш рет тарс еткен дыбысты естідім. Бірақ оның оқ дауысы екенін түсінбедім. Қараңғы болған соң, көршілеріміз тағы да отшашу атты ма деп ойладым. Кейін жұмысқа келдім. Біраз уақыттан соң әпкем хабарласып, көршімізді атып кеткенін айтты», – дейді Ақтөбе тұрғыны.
Айта кетерлігі, қылмыс жасалған болуы мүмкін үй қаланың жабық әрі элиталық аудандарының бірінде орналасқан. Таңертеңнен бастап аумақты полиция қоршауға алған. Қоршау алынғаннан кейін үйге көліктер келе бастаған. Телеарна мәліметінше, марқұмның туыстары көңіл айтуға келген.
Еске салайық, бұған дейін Ақтөбеде ер адамның көшеде атып өлтірілгені хабарланған болатын. Полиция қылмыстық іс қозғап, күдіктінің кім екенін анықтау және оны ұстау үшін қажетті тергеу және жедел-іздестіру шараларын жүргізіп жатқанын мәлімдеген.