Алматыдан Гоаға ұшқан FlyArystan ұшағы Делиге шұғыл қонды

Автор: Алмас Ерсін

Жолаушылар қонақүйге орналастырылып, тамақпен қамтамасыз етіледі

Фото: istockphoto.com

Алматыдан Үндістанның Гоа қаласына бағыт алған FlyArystan әуе компаниясының ұшағы Делиге мәжбүрлі түрде қонды. Қазір рейстің ұшуы операциялық себептерге байланысты кешігіп жатыр. Жолаушылар уақытша қонақүйге орналастырылып, тамақпен қамтамасыз етіледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл туралы жолаушылар әлеуметтік желіде жазды.

Threads желісіндегі isataevaalma есімді қолданушы Алматыдан Гоаға ұшқан ұшақтың Делиге қонуға мәжбүр болғанын хабарлаған.

«Бүгін Алматыдан FlyArystan әуе компаниясымен Гоаға ұшқан едік. Бірақ межелі жерге жете алмадық, ұшақ Делидегі әуежайға мәжбүрлі түрде қонды. Бір жарым сағаттан бері ұшақтың ішінде отырмыз. Қонақүйге қашан орналастыратынын күтіп отырмыз. Межелі жерге қашан жететініміз әзірге белгісіз», – деп жазды жолаушы.

Осы жазбаға FlyArystan әуе компаниясы да жауап берді.

«Келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз. Қалыптасқан жағдай жоспарларыңызға әсер еткенін түсінеміз және мән-жайды түсіндіргіміз келеді. Алматы – Гоа бағыты бойынша FS7415 рейсі Делиге мәжбүрлі түрде қонды. Қазіргі уақытта рейстің ұшуы операциялық себептерге байланысты кешіктіріліп отыр. Жолаушылар мен экипаждың қауіпсіздігі – әуе компаниясының басты басымдығы. Сондықтан барлық шешім ұшу қауіпсіздігі талаптарын ескере отырып қабылданады», – деп мәлімдеді әуе компаниясы.

Сондай-ақ FlyArystan өкілдері жолаушылар күту кезінде қонақүйге орналастырылып, тамақпен қамтамасыз етілетінін айтты.

«Жолаушылардан жаңартылған ақпаратты бақылап отыруды сұраймыз. Ұшу кестесіндегі өзгерістер туралы мәліметтер билет брондау кезінде көрсетілген байланыс нөмірлеріне жіберіледі. Сонымен қатар бұл рейстің чартерлік екенін еске саламыз. Ақшаны қайтару немесе билетті басқа күнге ауыстыру мәселесі бойынша әуе билеті сатып алынған орынға тікелей хабарласуға кеңес береміз», – деп жазылған компанияның хабарламасында.