«Осылай қартайып өтпекпіз бе?»: АҚШ-қа көшкен өскемендік ата мен әжей жаңа өмірі туралы сыр шертті (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Олар жаңа ортада кездескен қиындықтары мен қызықтары жайлы айтты

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Зейнетке шыққан шағында туған жерін тастап, мұхиттың арғы жағына көшіп кету екінің бірінің қолынан келе бермейді. Өскеменде өмір бойы мал дәрігері болып еңбек еткен Гүлзия апа мен жолдасы Ерғали жаңа өмір бастауға бел буып, 2025 жылы АҚШ-қа қоныс аударған. Олар Америкадағы жаңа өмірі жайлы сыр шертіп, желіде арнайы видео жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Гүлзия апа бейтаныс ортаға үйренісу оңай болмағанымен, олар жаңа нәрсені үйренуге, саяхаттауға және өмірден ләззат алуға ешнәрсе кедергі емес екенін түсінген.

«70 жасымызда күйеуім Ерғали екеуіміз бәрін тастап дүниенің екінші шеті – Америкаға көшіп кеттік. Бізді мұнда не күтіп тұрғанын да білген жоқпыз. Біз Шығыс Қазақстандағы Өскемен қаласында туып өстік. Өмір бойы мал дәрігері болып еңбек еттік. Балаларымызды өсіріп, жетілдірдік. Бірақ күндердің бірінде өмірімізді қайтадан бастаймыз деген ой үш ұйықтасақ та түсімізге кірген емес. Ұлымыз Нью-Йоркте тұрады. Біздің қайта табысуымызға үш жылға жуық уақыт кетті. Қалай қобалжығанымыз бейне бір шытырман оқиға секілді. 2025 жылдың қыркүйегінде Құдай оңдап, Америкаға ұшып бардық», – дейді әжей.

Ол өз сөзінде қартайған шағында бөтен елге көшу оңай болмағанын, туған жеріне қайта көшіп кеткісі келгенін тілге тиек етті.

«70 жасыңда басқа елген көшіп бару дегеннің не екенін білесіз бе? Өмір бойы бір орында өніп-өсіп, жайқалып тұрған ағашты тамырымен қазып алып, мүлдем басқа жерге отырғызғандай. Бұл жаққа келіп алдық, ал енді үйренісіп көр. Басқа тіл, бейтаныс адамдар, таңсық өмір. Шынымды айтайын, қиын болғаны сондай, бәрін тастап үйімізге кетіп қалғымыз келді. Бірақ одан не шығады? Есік алдында орындыққа отырып алып, көршілерге кім келгенін, кім қайда кеткенін өсектемекпіз бе? Осылай қартайып өтпекпіз бе? Бірақ бұл біздің табиғатымызға жат екенін білеміз. Өмірімізді мүлдем басқа жаққа бұруға болады екен. Жаңа таныстық, комьюнити, бұрын кбілмеген мерекелер, саяхаттау. Мұхит та дәл қасымызда. 70 жасқа келіп те бұрын білмеген дүниелерді үйренуге, әрбір күнімізге қуануға болады екен», – дейді Гүлзия апа.

Айта кетейік, осыған дейін 50-ден асқан шағында Америкаға көшкен Алматы облысының тұрғыны курьер болып жұмыс істеп, бар жоғы екі ай ішінде көлік сатып алғаны хабарланған.