Зейнеткер Ертіс жағасында серуендеп жүріп құлаған. Дәрігерлер оның жағдайын ауыр деп бағалап отыр
Павлодарда 80 жастағы зейнеткер Ертіс өзенінің жағасында серуендеп жүріп, абайсызда бес метрлік жардан құлап кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Павлодар-онлайн» басылымына сілтеме жасап.
8 қарашада 112 пультіне осындай оқиға туралы хабар түскен. Қарт әйел өзен жағасымен серуендеп жүріп, абайсызда төменге құлап кеткен.
«Оқиға орнына Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері жедел жетті. Құтқарушылар зардап шеккен әйелдің жатқан жерін анықтап, оны құтқару жұмыстарына кірісті. Арнайы жабдықтар мен зембілдің көмегімен әйел шамамен бес метр биіктіктен жоғары көтерілді», – деп мәлімдеді құтқарушылар.
Одан кейін зардап шеккен әйел жедел жәрдем бригадасына тапсырылған.
Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қазір науқас Павлодар қалалық №1 ауруханасының политравма бөлімінде ем қабылдап жатыр.
Әйелдің миы шайқалған, денесі соғылған, жамбас және ортан жілік сүйектері жабық сынған. Дәрігерлер оның жағдайын ауыр, бірақ тұрақты деп бағалап отыр.