58 жастағы әйел оқиға орнында көз жұмып, 69 жастағы ер адам ауруханаға жеткізілді. Апатқа қатысты қылмыстық іс қозғалды
6 қарашада кешкі уақытта Маңғыстау облысында Toyota Camry көлігінің жүргізушісі 58 жастағы әйелді қағып, оның өліміне себеп болды. Сондай-ақ 69 жастағы ер адам жарақат алды. Жол-көлік оқиғасы Ақтау қаласында болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Оқиға туралы ақпарат әлеуметтік желілерде тарады. Жарияланған бейнежазбада көліктің жаяу жүргіншілерді қағып кеткеннен кейінгі жағдайы түсірілген.
Маңғыстау облыстық полиция департаменті оқиғаның мән-жайын баяндады.
«6 қарашада сағат 21:30 шамасында Ақтау қаласының 29А шағынауданы аумағында, Qazaq Oil жанармай құю станциясының қарсы бетінде жол-көлік оқиғасы болды. Алдын ала мәлімет бойынша, Атамекен ауылына қарай бағыт алған Toyota Camry көлігінің жүргізушісі жолды белгіленбеген жерден кесіп өтіп бара жатқан екі жаяу жүргіншіні қағып кеткен», – деп мәлімдеді ведомство.
Полицияның мәліметінше, 58 жастағы әйел дәрігерлер келгенге дейін көз жұмған. Ал екінші зардап шегуші – 69 жастағы ер адам шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді.
Қазір тергеушілер оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.
«Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта қажетті тергеу амалдары жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Маңғыстау облыстық полиция департаменті жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады», – деп түйіндеді полиция департаментінің баспасөз қызметі.