Өзін мемлекеттік орган қызметкері ретінде таныстырған алаяқтар зейнеткерді «қауіпсіз шотқа» ақша аударуға көндірген
Ақтөбеде қарт кісі алаяқтардың арбауына түсіп, бар жиған-тергенінен айырылды. Өзін Халыққа қызмет көрсету орталығы мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкері ретінде таныстырған алаяқтар зейнеткерді барлық жинағын аударуға көндірген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Диапазон» басылымына сілтеме жасап.
Ақтөбе облыстық полиция департаментінің мәліметінше, алдымен 76 жастағы зейнеткерге WhatsApp арқылы белгісіз адам қоңырау шалған. Ол біреудің зейнеткердің жеке деректеріне қол жеткізгенін айтқан. Кейін әңгімеге өзін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкері ретінде таныстырған басқа алаяқтар араласқан.
Олар қарт адамды қорқытып, ақшасын сақтап қалудың жалғыз жолы – оны «қауіпсіз шотқа» аудару деп сендірген. Соның салдарынан зейнеткер депозитінен 14,8 миллион теңгені шешіп алып, алаяқтар көрсеткен бөгде деректемелерге жіберген.
Полиция қылмыстық істі тергеп жатыр. Қазір күдіктілердің кім екенін және іске қатысы бар адамдарды анықтау жұмыстары жүргізілуде.