Осыған байланысты арнайы комиссия құрылды
Ақтауда Tulpar School жекеменшік мектебінде жағымсыз жағдай болды. Мектеп директорының әйелі тазалықшы әйелдің су толы шелегін теуіп жіберген. Дәл осы сәт әлеуметтік желіде жарияланып, қоғамда үлкен резонанс тудырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Осы оқиғаға байланысты агенттік тілшісі Маңғыстау облысының Білім басқармасына жүгінді. Қазір осы жағдайға байланысты арнайы комиссия құрылғаны белгілі болды.
«Комиссия құрамына білім бөлімінің жауапты қызметкерлерінен бөлек Ақтау қаласы Полиция басқармасының өкілдері де енді. Олар мектепке арнайы барып, істі зерттеп жатыр. Бұл оқиға биыл 16 қазан күні болғаны анықталды. Мәліметтерге сәйкес, мектеп қызметкері директор кабинетін тазалауды сұраған. Алайда мектептің техникалық қызметкері бұл тапсырманы орындаудан бас тартып, дөрекі сөздер айтып, кабинеттен шығып кеткен. Осыған ашуланған мектеп қызметкері еден жуушының су толы шелегін теуіп, төгіп жіберген. Оқиғаның мән-жайын жан-жақты анықтау мақсатында мектеп директорынан да жазбаша түсініктеме алынды», – делінген басқарманың агенттік тілшісіне берген пікірінде.
Бұдан бөлек, еден жуып жүрген қызметкермен ешқандай еңбек шарты жасалмағаны, келісім тек ауызша болғаны анықталды.
Ал видеодағы шелекті теуіп жіберген адам – директордың жұбайы. Облыстық білім басқармасы бұл ақпаратты қосымша растады. Ол мектепте қосымша факультативтік сабақтар беріп жұмыс істейді. Оған педагогикалық әдеп нормаларын сақтамағаны үшін тәртіптік жаза ретінде «сөгіс» жарияланды. Тиісінше, еңбек шарты бұзылып, жұмысынан қуылды.
«Мектеп директорына қатысты заң аясында тиісті шаралар қолдану үшін Ақтау қаласының Полиция басқармасына ресми хаттар жолданды. Қазіргі уақытта аталған органдар тарапынан тиісті шаралар қабылдау мәселесі қарастырылып жатыр», – делінген жауапта.