СҚО-да 800 млн теңгеге салынған үйлер қирап жатыр: әкімдік 40 отбасыны сотқа беріп, ақшаны өндіріп алмақ

Автор: Тәжібай Әлия

14 үйдің жағдайы нашар екені расталып, бесеуі бұзылған

Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Солтүстікке қоныс аударған 40 отбасы енді сот алдында жауап бермек. Шал ақын ауданының әкімдігі олардан «Еңбек» бағдарламасы аясында төленген 41 млн теңгеден астам субсидияны қайтаруды талап етіп отыр. Ал дәл осы жоба бойынша салынған үйлердің кейбірінде өмір сүру мүмкін емес. Мамандар 14 баспананың апатты жағдайда екенін растаған. Ал бүгінде бесеуін сүріп тастады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Халық 41 миллион теңге қайтаруға тиіс 

Қазақстандағы көші-қон бағдарламасына сәйкес, біраз жылдардан бері оңтүстіктің тұрғындарын солтүстік өңірлерге көшіріп, оларға баспана ұсынып, жаңа жерде тұрақтап қалуға жағдай жасалып жатыр. Мысалы дәл осы мақсатта Шал ақын ауданына қарасты Сергеев қаласында 109 үй салынған. Оған шамамен 800 миллион теңге жұмсалды. 

Алайда жоба күткендей нәтиже бермеді. Кей үйлер қыста мүлде жылымай, қабырғасынан жел соққан. Сапасы сын көтермеген баспаналарда тұру қиын болғандықтан, бірқатар отбасы жиһаздарын да алмай, есігіне құлып салып, көшіп кеткен.

Бірақ қала тұрғыны Нұркен Баязитов жағдайының жақсы екенін, тіпті көлік жөндеу орталығын ашып, ірі малқора мен монша салғанын айтты. Ол  2019 жылы «Еңбек» бағдарламасы арқылы Астанадан Сергеев қаласына қоныс аударған.

Бағдарлама иегері / Astana TV

 

Бізге белгілі болғандай, келісімшартты тоқтатпастан көшіп кеткен 40 отбасыдан аудан әкімдігі қаражатты қайтаруды талап етіп, сотқа жүгінді. Жоба аясында оларға 41 миллион 359 мың теңге берілген. Субсидияның 21 милион теңгесі қайтарылса, енді қалған 20 миллион 359 мың 990 теңгені өндіру жалғасып жатыр.

СҚО  Шал ақын ауданы әкімінің орынбасары Жарқын Мұхамеджанов / Astana TV

«Тұрғындар біздің облысқа отбасымен көшіп келіп, мемлекеттен көтермеақы алып, үйлі болады. Ал ай сайын не бәрі 7-8 мың теңге ғана төлейді. Алайда, қазан-қараша айларында үйлерін құлыптап, кетіп қалған. Біз оларды тауып, үйлерді қайтадан тапсыруды талап етеміз. Бірақ бірден өткізуге асықпайды», –  дейді СҚО  Шал ақын ауданы әкімінің орынбасары Жарқын Мұхамеджанов.

Ал осы қалада тұрақтаған Қалдыбай Сұрходжаев көп адамның тек ақша үшін көшіп келетінін айтып, оларды сынады.

«Көбі расымен көтермеақыға ғана қызығады. Бірақ мұны жалқаулықтың белгісі деп ойлаймын. Қай жерде жүрсең де, еңбектенбесең ешкім саған ақша бермейді. Біз де әр жерде жұмыс істеп, мемлекеттің бағдарламасы арқылы көтермеақы алдық. Бірақ ол ақша бір-екі айда-ақ таусылды. Оған қарап отырған жоқпыз. Өзіміз әрекет етіп, аз қаражатты көбейтіп, бес теңгені он теңге қылып жүрген жайымыз бар», –  деді ол.

Бағдарлама иегері / Astana TV

103 миллион теңге ауаға кетті

Дегенмен, мәселенің келесі жағы, яғни, бағдарлама аясында салынған үй сапасына келсек, Сергеевтегі баспаналардың жағдайы расымен сын көтермейтін болып шықты. «7SER Group» ЖШС жүргізген техникалық тексеруден кейін 14 үйдің апатты жағдайда екені расталды. Бүгінге дейін оның бесеуі сүрілді. Ал қалған баспананың қашан қиратылатыны белгісіз.  Бір үйді салуға шамамен 7,4 миллион теңге жұмсалғанын ескерсек, адам тұруға жарамсыз 14 баспананың шығыны – 103 миллион теңге.

Ал Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданы әкімдігінің бізге берген мәліметіне сүйенсек, үй сапасы мен көшіп кеткендерден ақша қайтарып алу мәселесі бір-біріне мүлде байланысты емес. Редакция әкімдіктің 40 отбасына қатысты талабына сот не дейтінін қосымша хабарлайды.