Жол апатына қатысты қылмыстық іс қозғалды
Ақмола облысында жол техникасын алып жүру кезінде полиция көлігімен пикап соқтығысып, полицей жарақат алды. Оқиға Астана – Петропавл тасжолында, Шортанды ауылының маңында болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әлеуметтік желіде патрульдік көліктің қираған видеосы тарады. Ақмола облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жол апаты 3 қарашада болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, JAC T9 пикапының жүргізушісі жылдамдық режимі мен арақашықтықты сақтамай, қызметтік көлікке соғылған.
«Полицияның қызметтік көлігі жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, арнайы жол техникасын алып жүрді», – деп мәлімдеді облыстық полиция департаменті.
Жарақат алған полицейді ауруханаға жеткізген. Алайда оның жарақатының ауырлығы туралы ведомство ақпарат берген жоқ.
Аталған жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеушілер апаттың барлық мән-жайын анықтап жатыр.