5 қараша күні сот отырысы өтеді
Алматыдағы Ұлттық ұланның №5571 әскери бөлімінде қызмет еткен азамат денсаулығына байланысты еңбекке уақытша жарамсыз болған. Осы жағдайына қарамастан оны демалыс уақытында жұмысынан шығарып жіберген. Бұл туралы әскери қызметкердің туысы Threads әлеуметтік желісінде жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Туысының айтуынша, әскери қызметкерге екі айдың жалақысын, оған қоса жалдамалы үйдің пәтерақысын да бермеген. Соның кесірінен бес баласын асырап отырған отбасы далада қалды. Әділдік іздеген олар сотқа жүгінген.
Жазба авторы бұл шешіммен келіспейтінін, әрі заңсыз екенін айтып отыр.
Отбасының жағдайын қиындатып отырған тағы бір мәселе – бес баланың тағдыры. Олардың бірі – қамқорлыққа алынған жетім бала. Бұл – әскери қызметкердің әйелінің туған бауыры. Туысының айтуынша, қазір балалар ауылда тұрып жатыр. Мектеп жасындағы үшеуі сабаққа бара алмай қалған.
«Асырауында 5 бала бар, оның бірі – қамқоршылыққа алынған жетім бала, келінімнің туған бауыры. Қазір балалары ауылда, мектеп жасындағы 3 баласы сабаққа бара алмай отыр», – деп жазды ол.
Ең сорақысы, әлеуметтік қорғау саласының өкілдері «асырай алмасаңдар, баланы тапсырыңдар» деп айтқан көрінеді.
«Отанға қызмет еткен азаматтың отбасына жасалған қарым-қатынас осы ма?! Балалардың кінәсі не?! Біз тек әділдік пен заңның сақталуын талап етеміз! Халық, үнсіз қалмай, бөлісіңіздерші!», – дейді туысы.
Әскери қызметкердің әпкесі №5571 әскери бөлімінің әрекеттеріне байланысты сотқа жүгінгендерін хабарлады. Оның мәліметінше, сот отырысы 5 қарашаға белгіленген.
Осы жағдайға байланысты редакция тілшісі Ұлттық ұланға ресми сауал жолдады.