Петропавлдың қақ ортасында колледж оқытушысы бойжеткеннің алдында жалаңаштанып, әдепсіз әрекет жасаған

Автор: Алмас Ерсін

Ол бейәдеп әрекеті үшін 15 тәулікке қамалды

Фото: istockphoto.com

Петропавлдағы колледждердің бірінде сабақ беретін ер адам көшеде әдепсіз әрекет жасағаны үшін 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды. Ол қыздың соңынан еріп, кейін жол қиылысында шалбарын шешіп, өтіп бара жатқан адамдардың көзінше мастурбация жасаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Qazaqstan Media-ға сілтеме жасап.

Оқиға 22 қыркүйек күні кешке Алтынсарин және Интернационал көшелерінің қиылысында болған. Қыз жұмыстан кейін үйіне қайтып келе жатып, құрбысымен телефон арқылы сөйлескен. Бір кезде артынан еріп келе жатқан, қайта-қайта бұрылып қарайтын бейтаныс ер адамды байқайды. Қорыққан қыз болған жағдайды құрбысына айтқан. Құрбысы үйіне жеткенше телефон тұтқасын қоймауға кеңес берген.

Жолда петропавлдық қыз «Еуропа» мейрамханасының жанындағы дүкенге кіріп, бейтаныс адамның кетіп қалуын күткен. Алайда сыртқа шыққанда оны қайтадан көрген.

«Алтынсарин және Интернационал көшелерінің қиылысына жетіп, жолдан өтпек болғанымда, әлгі ер адам тоқтап, маған қарай бұрылды. Содан кейін шалбарын шешіп, жыныс мүшесін шығарып, мастурбация жасай бастады», - деді Әкімшілік сот отырысында қыз оқиғаның қалай өрбігенін баяндап.

Қорыққан қыз жолдан тез өтіп, үйіне жеткен соң полицияға хабар берген. Осы уақыттың бәрінде құрбысы онымен телефон арқылы сөйлесіп отырған.

32 жастағы ер адам өз кінәсін мойындамаған. Сотта ол сол күні досының үйінде болғанын, екеуі сыра ішкенін айтқан. Оның сөзінше, үйіне қайтып бара жатқанда қызды көріп, танысқысы келгенімен, ұялған. Ал шалбарын шешуін дәрет сындырғысы келгенімен түсіндірген. Сондай-ақ қыз оның әрекетін қате түсінген болуы мүмкін екенін айтқан.

Алайда сот бұл уәждерді қабылдамады. Ер адамның әрекеті ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабының 1-бөлігі бойынша, яғни айналасындағыларды құрметтемеу және қоғамдық тәртіпті бұзу арқылы жасалған ұсақ бұзақылық ретінде сараланды.

Сот оны кінәлі деп танып, 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу туралы шешім шығарды.

Сот қаулысы заңды күшіне енгеннен кейін оның көшірмесі ер адамның жұмыс орнына жіберілген. Белгілі болғандай, ұсталған кезде 32 жастағы азамат Петропавлдағы колледждердің бірінде оқытушы болып жұмыс істеген.