Павлодарда эротикалық массаж қызметін ұсынған бір топ қыз ұсталды
9 тамызда рейд барысында павлодарлық жедел уәкілдер эротикалық массаж қызметін көрсететін салонды анықтады. Бұл туралы Polisia.kz хабарлайды.
Жедел уәкілдер оқиға орнында мекеме әкімшісі мен салонда массаж жасайтын төрт қызды ұстады. Массаж жасайтын қыздардың барлығы – Павлодар облысының 20-22 жас аралығындағы тумалары. Олар коронавирус инфекциясын жұқтыру қаупін ескермей, табыс табу үшін клиент қабылдаған.
«Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнама талаптарын бұзғаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 425-бабы бойынша материал кінәлілерді жауапқа тарту мақсатында Павлодар облысының СЭС-не жіберілді. Сондай-ақ ҚР ӘқБК 463-бабы бойынша кәсіпкерлік қызметпен айналысқаны және тиісті тіркеусіз іс-әрекет жасағаны үшін жауапқа тартылады», – деп түсіндірді облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары Елдар Әбдікенов.
Облыстық ПД басшысының айтуынша, азаматтардың барлығы елде болып жатқан қауіпті сезіне бермейді.
«Барлық кінәлі адамдар лайықты жазаға тартылады. Бақылау шаралары осындай жағдайларды анықтау үшін күнделікті карантин режимі аяқталғанша жалғасады», – деп сендірді Елдар Әбдікенов.