Қордың ғимаратында 8 адамның тіркеусіз тұрғаны анықталды
Талдықорғанда қоғамдық қорлардың бірі лицензиясыз діни білім берумен айналысқаны анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Прокуратураның мәліметінше, қордың ғимаратында 8 адамның тіркеусіз тұрғаны анықталды. Олар осыған байланысты ҚР ӘҚБтК-нің 492-бабының 1-бөлігі бойынша (тұрғылықты жері немесе уақытша болатын жері бойынша тіркеусіз тұру) әкімшілік жауапқа тартылды.
«Заң бұзудың жолын кесу мақсатында Талдықорған қаласының прокуратурасы қоғамдық қорын тиісті лицензиядан айыру туралы талап арызды сотқа енгізді. Сот шешімімен прокурордың талап қоюы толық қанағаттандырылды. Қор өкілі қойылған талаптарды мойындады. Қазіргі уақытта сот шешімі заңды күшіне енген жоқ», – делінген прокуратураның хабарламасында.
Айта кетейік, бұған дейін хабарлағанымыздай, Ішкі істер министрлігі кезінде діни қылмысы үшін 14 жылға сотталған Исматулла Мақсұмға қатысты жаңа тергеу бастаған еді.