Осы ісі үшін оның әкесі айыппұл арқалады
Түркістан қаласында 9 жасар бала полицияның киімін киіп алып, көшеде кетіп бара жатқан көліктерді тоқтатқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әкесінің айтуынша, полицейдің киімін кию және болашақта құқық қорғау органдарында қызмет ету – кішкентай баланың арманы. Осы жағдайға қатысты Түркістан облысының Полиция департаменті түсініктеме берді.
«Әлеуметтік желілерде Түркістан қаласында көліктерді тоқтатқан полиция формасындағы баланың бейнежазбасы талқыланып жатыр. Біз бұл жағдайды қатысты мынаны түсіндіргіміз келеді. Баланы полиция формасын кигені немесе полиция қызметкері болуды армандағаны үшін ешкім жазалаған жоқ. Керісінше, балалардың болашағын полиция қызметімен байланыстыруға деген ұмтылысын құптаймыз. Бірақ бұл оқиғада біз мүлдем басқа нәрсе туралы айтып отырмыз. Бала кешкі уақытта жолға шығып, жүріп бара жатқан көліктерді тоқтатқан. Сонымен қатар оның әкесі жақын жерде тұрып, бәрін видеоға түсірген», – дейді облыстық ПД.
Полицияның мәліметінше, бұл жағдай баланың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді. Жүріп бара жатқан жүргізушілердің абайсыз қозғалысы қайғылы жағдайға апаруы мүмкін. Сондықтан полиция араласты.
«Балаға және оның әкесіне профилактикалық әңгіме жүргізілді. Баланың өзіне ешқандай жауапкершілік шаралары қолданылмайды. Әкімшілік материал ата-ана міндетін тиісінше орындамағаны үшін әкесіне қатысты рәсімделді. Полиция қызметкері болуды армандау өте жақсы. Бірақ бейнеролик үшін бала өміріне қауіп төндіруге болмайды. Баланың қауіпсіздігі қашанда бірінші орында тұруы керек», – деп жазады Түркістан облысының Полиция департаменті.