Бурабайда 350 метр биіктікте ер адамның жағдайы күрт нашарлап кетті (ВИДЕО)
Бөлектау тауынан түсіп келе жатқанда ер адамның жағдайы нашарлап, ол өздігінен қозғала алмай қалған
Ақмола облысында Бурабай ауданындағы Бөлектау тауынан түсіп келе жатқан ер адамға құтқарушылар көмек көрсетті. Оның таудан түсу кезінде жағдайы нашарлаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.
1982 жылы туған ер адам шамамен 350 метр биіктіктегі бақылау алаңынан түсіп келе жатқанда өзін жайсыз сезініп, жолын өздігінен жалғастыра алмаған. Ол жедел жәрдем шақырған. Оқиға орнына Ақмола облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары жетті.
Жедел-құтқару жасағының қызметкерлері ер адамды таудан түсіріп, медицина мамандарына тапсырды.
«Алдын ала мәлімет бойынша, ер адамға транзиторлық ишемиялық шабуыл диагнозы қойылған», – делінген хабарламада.
Төтенше жағдайлар министрлігі тауға шыққанда адамның физикалық мүмкіндігін ескеріп, қауіпсіз бағытты таңдауға және сақтық шараларын сақтауға шақырды.