Қазақстандық әйел құрбысы колонияда жазасын өтеп жүргенде оның пәтерін сатып жіберген

Пәтер иесі колонияда жазасын өтеп жүргенде, танысы оның үйін 6,28 млн теңгеге сатып жіберген. Алаяқтыққа ұрынған сатып алушылар пәтерден сот шешімімен шығарылған

Қазақстандық әйел құрбысы колонияда жазасын өтеп жүргенде оның пәтерін сатып жіберген
Фото: istockphoto.com

Ақтөбеде алаяқ әйел басқа адамның екі бөлмелі пәтерін 6,2 млн теңгеге сатып жіберген. Пәтердің заңды иесі сол кезде Атырау облысындағы түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан. Ал сатып алушылар алаяқтыққа ұрынғанын үй иесі бостандыққа шығып, сот арқылы оларды пәтерден шығарған кезде ғана білген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Диапазон» газетіне сілтеме жасап.

Белгілі болғандай, Ақтөбе тұрғыны бір іс-шарада Мадина есімді әйелмен танысқан. Әңгіме барысында ол пәтер сатып алғысы келетінін айтқан. Сонда Мадина Есет батыр тұрғын алабында екі бөлмелі пәтері бар екенін айтып, бағасын 6 млн 280 мың теңгеге бағалаған.

Әйел жаңа танысына пәтерді көрсеткен. Үй ұнаған соң, ер адам бір аптадан кейін ақшаны толық төлеп, пәтерге ата-анасын көшіріп кіргізген.

Алайда мәміледе маңызды бір жайт болған. Сатушы сатып алушыға жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату шартын емес, мүлікті қабылдау-тапсыру актісін берген.

2026 жылғы қаңтарда пәтерге зейнет жасындағы жаңа тұрғындардың үстінен дау шыққан. Үйге бейтаныс әйел келіп, өзін пәтердің заңды иесі ретінде таныстырған. Кейін сотқа жүгініп, жаңа тұрғындарды үйден шығаруға қол жеткізген.

Белгілі болғандай, пәтер шынымен осы әйелге тиесілі болған. Ол Атыраудағы колонияда жазасын өтеп жүрген кезде кілтін танысына қалдырған. Кейін жазасын өтеу мерзімі  кейінге қалдырылғандықтан, үйіне оралмақ болғанда, өз пәтерінде бөтен адамдар тұрып жатқанын көрген.

Оқиға Мадинаға қатысты алаяқтық іс бойынша сот үкімімен аяқталған. Ол сатып алушыдан алған миллиондаған теңгені жұмсап қойғанын және ақшаны қайтара алмайтынын мойындаған.

Сондай-ақ оның бұған дейін де алаяқтық үшін сотталғаны анықталған. Ол кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеп отырғанына байланысты жазасын өтеу кейінге қалдырылған.

Жаңа қылмыстық іс бойынша бөтен адамның пәтерін сатқан әйел бас бостандығынан айыру жазасына кесілген. Алайда бұл жолы да жазаны өтеу кейінге шегерілді. Соның нәтижесінде үкім жарияланғаннан кейін ол сот ғимаратынан еркін шығып кеткен.