Ноутбук та, пеш те жатыр: астаналықтар Есіл өзенінің құрғаған бөлігінен неше түрлі техника тауып алған (ВИДЕО)

Биыл өзеннен 50 тонна қоқыс табылған

Ноутбук та, пеш те жатыр: астаналықтар Есіл өзенінің құрғаған бөлігінен неше түрлі техника тауып алған (ВИДЕО)
Фото: скриншот

Астанада Есіл өзенінің тартылған табанынан тұрмыстық және электрондық техникалар табылды. Таңертең балықшылар құрғап қалған жағалаудан ноутбук пен қысқа толқынды пешке ұқсас құрылғыларды байқаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Айта кетейік, бүгін Есіл өзенінің бір сағасында су деңгейі күрт төмендеп, жағалаудың бір бөлігі құрғап қалған еді. Су деңгейінің төмендеуі әсіресе Кенесары көшесінің басынан Бейсеков көшесіне қарай созылатын учаскеде анық байқалады. Жағада қалып қойған балықтарды шоқып жеуге шағалалар топ-тобымен жиналған. 

Белгілі болғандай, Қала құрылыс басқармасы Есіл өзенінде бесінші кезектегі су реттейтін бөгетті салу бойынша жоспарлы жұмыс жүргізген. Астана әкімдігінің мәліметінше, қазіргі уақытта жұмыс аяқталды, енді су қайта толықтырылады.

Есіл өзеніне санитарлық тазарту жұмысы күн сайын жүргізіледі. Арнайы техника су өсімдіктері шамадан тыс жиналған учаскелерді тазартып, жағалау аумағындағы қоқысты жинайды. Ресми мәліметке сәйкес, 2026 жылдың басынан бері Есілдің жағасынан 50 тоннадан астам қоқыс шығарылған. Өзеннің экологиялық жағдайын жақсарту жұмысы алдағы жылы жалғасады. 2027 жылы Есілді тазалауға арналған кешенді шаралар қолға алынбақ.

Бұған дейін өзенге балық жіберіліп, кеме қатынайтын учаскелерді тереңдету жұмысы жүргізілген. Сонымен қатар гидрологиялық зерттеулер нәтижесінде тазарту қажет жерлер анықталып, атқарылатын жұмыстың көлемі есептелген.