«Арзан бағада тауар әкеп береміз»: Қарағандыда 7 баланың анасы серігімен бірге елді алдап, 700 млн теңгені қалтаға басқан
Алаяқтар 461 адамды алдаған
Қытай мен Түркиядан арзан бағада ыдыс-аяқ, жиһаз, көлік әкеліп береміз деп қарағандылықтарды WhatsApp топқа жинаған екі адам сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Олар тұрғындардан 700 миллион теңге алған. Алаяқтарға 461 адам алданып қалған.
Сот материалдарында жазылғандай, күдіктілер шетелден әкелген арзан бағадағы тауарларды сататын онлайн топ құрған. Содан соң ыдыс-аяқ, тұрмыстық техника, жиһаз, тіпті автокөліктер жарнамалаған. Олар WhatsApp топқа 400-ден астам адамды жинапты. Клиенттерді қызықтыру үшін түрлі жалған пікірлер мен видеолар жариялаған. Алаяқтар тек ақша жинап алуды ниет еткен.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдары күдіктілерді ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау арқылы бөтеннің мүлкін жымқыру, бірнеше рет, екі немесе одан да көп адамға қатысты, ірі және аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы бойынша айыптады. Сотталушылар өз кінәларын мойындаған жоқ, ал қорғау тарапы оларды ақтап шығаруды сұрады. Күдіктінің бірі – 7 баланың ата-анасы.
Сот екі адамға 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, жазаны өтеу мерзімін бір жылға кейінге қалдырды. Кінәлілерден 700 млн теңгеден астам сома өндіріп алынады. Үкім заңды күшіне енген жоқ.