«Біреуі – жасөспірім»: Балқашта үш адам бір адамды ұрып өлтірді

Қайғылы оқиға 2025 жылдың 22 желтоқсанында болған

«Біреуі – жасөспірім»: Балқашта үш адам бір адамды ұрып өлтірді
Фото: istockphoto.com

Балқашта үш адам бір адамды жабылып, ұрып өлтіргені үшін бас бостандығынан айырылды. Сотталғандардың бірі – кәмелетке толмаған жасөспірім, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қайғылы оқиға 2025 жылдың 22 желтоқсанында болған. Үш адам жабылып, бір адамды аяусыз ұрып-соғып, басынан бірнеше мәрте тепкен. Ауыр жараланған ер адамды ауруханаға жеткізгенмен, аман алып қалу мүмкін болмаған.

Сотта олар қылмысын топтасып, алдын ала жоспарлағаны белгілі болды. Ал олардың жауыз әрекетін куәгерлердің сөзі, видеожазба, сараптама нәтижесі және т.б. дәлелдеді.

Қылмысы дәлелденген соң прокурор жасөспірімді 8 жылға, ал қалған екеуін 9 жылға соттауды сұрады. Ал марқұмның жақындары істі адам өлтіру бабына ауыстырып, ауыр жаза беруді талап етті. Қарсы тарап қайта өздерін ақтап шығаруды сұрады.

Өз кезегінде сот үшеуін де Қылмыстық кодекстің 106-бабының 3-бөлігі бойынша – абайсызда адам өліміне әкеп соққан қасақана ауыр жаралау бойынша кінәлі деп тапты. Соның негізінде жасөспірім 8 жылға, ал қалған екі адам 9 жылға сотталып кетті.

Үкім шығарарда сот жасөспірімнің кәмелетке толмағанын жеңілдететін жайт ретінде қарастырды. Ал ауырлататын мән-жайларды анықтаған жоқ.

Сол сияқты сот марқұмның туыстары қойған талаптардың белгілі бір бөлігін қанағаттандырды. Өтемақы ретінде 10 миллион теңге, сондай-ақ сот шығындары үшін 3,5 миллион теңге төлеуді міндеттеді.

Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.