Полиция қылмыстық іс қозғады
Ақтауда күйеуінің ұрып-соққаны туралы арызданған әйелге қатысты полиция қылмыстық іс қозғады. Жәбірленушінің айтуынша, ер адам оның тістерін сындырып, шашын қиып тастаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Еуразия» бірінші арнасына сілтеме жасап.
Әйелдің сөзінше, жанжал түнде болған. Күйеуі үйге мас күйде келіп, пәтерақыны неге төлемегенін сұрағанына ашуланған.
«Мен үйде екі баламмен отырған едім. Күйеуім түнгі сағат 11 шамасында келді. Ол мас болатын. Мен одан пәтердің ақысын неге төлемегенін сұрадым. Содан кейін жанжал басталды. Ол ашуланып, мені ұрып-соқты, тістерімді сындырып, шашымды қиып тастады», – деді әйел.
Жәбірленушінің айтуынша, оқиғадан кейін ұйықтау, сөйлеу және тамақтану қиынға соққан.
«Қазіргі жағдайымды сөзбен жеткізе алмаймын, ұйықтай алмай жүрмін. Тістерім болмағандықтан, дұрыс сөйлей де, тамақ іше де алмаймын», – деді ол.
Жәбірленушінің заңгерінің айтуынша, бастапқыда құжаттары болмағандықтан, әйелдің өзі ұсталған. Кейін оқиғаға қатысқан екі адамның да Өзбекстан азаматы екені, олардың жеке басын және Қазақстанда заңды жүргенін растайтын құжаттары жоқ екені анықталған.
Маңғыстау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, дене жарақатын салу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Ер адам қабылдап-тарату орнына орналастырылған.
«Ер адамға қатысты Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасына сәйкес шаралар қабылданды. Қазіргі уақытта оның жеке басын анықтау және ел аумағында одан әрі болу мәселесін шешу үшін қабылдап-тарату орнына орналастырылды. Әйел тұрғылықты жерінде. Оған қатысты да көші-қон заңнамасы аясында тиісті тексеру жүргізіліп жатыр», – деп мәлімдеді полиция.
Қазір жәбірленуші сот-медициналық сараптамаға қажетті құжаттарды дайындау үшін мамандардың тексеруінен өтіп жатыр.
Заңгер Зина Анламасованың айтуынша, әйелге Қазақстанда заңсыз жүргені үшін әкімшілік хаттама толтырылған.
«Қазақстан аумағында тұратындықтан, ол азаматтығына қарамастан, кез келген адам сияқты елдің заңдары мен Конституциясын сақтауға міндетті. Бұл жағдайда әйел Қазақстанда заңсыз жүрген. Оған қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Енді ол өз еліне қайтып, Қазақстанға қайта кіру және осында болу үшін қажетті құжаттарды рәсімдеуі керек», – деді Зина Анламасова.
Оқиғаға қатысты тергеу жалғасып жатыр. Полиция істің мән-жайын анықтауда.