Тұманда жантүршігерлік жол апаты: әйел көлігімен бір үйір жылқыға соғылды

Автор: Алмас Ерсін

Қою тұманда болған апаттан екі жылқы өлді, көлік иесіне келген шығынды өтеу мәселесі сотқа дейінгі тәртіппен шешілуі мүмкін

Фото: istockphoto.com

Ақмола облысында Арайлы ауылы маңында Chery Tiggo 2 Pro көлігі жылқы үйіріне соғылды. Салдарынан екі жылқы оқиға орнында өлген, тағы біреуі жарақат алған. Көлікке айтарлықтай зақым келген. Оқиға кезінде зардап шеккендер жоқ,  деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа сәйкес, жол апаты 19 қазанда түнгі сағат 01:30 шамасында болған. Арайлы ауылының тұрғыны Астанадан үйіне Астрахан тасжолы арқылы қайтып келе жатқан. Сол кезде өңірде қою тұман болған.

Жүргізуші шамамен 68 км/сағ жылдамдықпен келе жатқанда, көліктің алдынан кенеттен жылқы үйірі шығып кеткен.

«Екі жылқы өлді, біреуі жарақат алды. Қыздың әкесі жылқы иесін күту үшін таңға дейін үйірдің жанында қалған. Оқырманымыздың айтуынша, жылқы иесі кездескен кезде шығынды өтейтінін уәде еткен, бірақ қазір жауапкершілікті өз мойнына алудан бас тартып отыр», – делінген Astanovka 98 паблигінің жазбасында.

Соққы салдарынан Chery Tiggo 2 Pro көлігі қатты зақымданған. Отбасының айтуынша, көлік несиеге алынған, сондықтан жөндеу шығыны да аз болмайды. Қыздың туыстары құзырлы органдардан жағдайды бақылауға алуды сұраған.

Ақмола облысының полиция департаменті жол апатының болғанын растады. Оқиға Целиноград ауданында, Арайлы ауылы маңында тіркелген.

«2026 жылғы 19 қазанда сағат 01:30 шамасында Целиноград ауданында, Арайлы ауылы маңында Chery Tiggo 2 Pro автокөлігі мен жылқылардың қатысуымен жол-көлік оқиғасы болды. Апат салдарынан зардап шеккендер жоқ. Жануарлардың иесі анықталды. Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын бұзғаны үшін ол әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі 21 қазанда Zakon.kz тілшісіне.

Полиция өкілдерінің мәліметінше, бүлінген көлікке келтірілген материалдық шығынды өтеу мәселесі азаматтық-құқықтық тәртіппен шешілуі тиіс.