Балабақшаға орналастырып беремін: ата-аналарды 2ГИС арқылы тапқан әйел сотталып тынды

Автор: Асыл Арман

Ол ата-аналарды 2ГИС қосымшасы арқылы 8 ай іздеген

Фото: istockphoto.com

Астанада әйел адам баласын балабақшаға орналастыра алмай жүрген ата-аналардың ақшасын жинап алып, алаяқтық іске барған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Белгілі болғандай, ол ата-аналарды 2ГИС қосымшасы арқылы 8 ай іздеген. Оларға өзі хабарласып, таныстары арқылы балабақшаға орналастырып беретінін айтып сендірген. Оның сөзіне 9 адам сеніп, жалпы сомасы 590 мың теңге берген.

«Сот үкімімен оған 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды. Жәбірленушілердің азаматтық талаптары қанағаттандырылды», – делінген прокуратура хабарламасында.

Прокурорлар мұндай жағдайда барынша сақ болу керектігін, балабақшаларға орын бөлу мәселесі бойынша тек ресми порталдар мен уәкілетті мемлекеттік органдар арқылы жүгіну қажеттігін ескертті.