Маңғыстауда кәсіпкер жалған құжат жасап алып, шетелге танкерімен 45 млрд теңгенің мұнайын апарып сатқан (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Ол 2019-2023 жылдар аралығында бір ғана «Batys Nefte Trade» ЖШС арқылы шетелге 160 мың тоннадан астам мұнай сатқан

Фото: istockphoto.com

Маңғыстау облысында кәсіпкер компаниялардан мұнай сатып алып, оны жылдар бойы танкермен шетелге заңсыз экспорттап келген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті заңсыз іспен айналысқан кәсіпкердің былығын әшкере етті. Белгілі болғандай, ол жер қойнауын пайдаланатын компаниялардан шикі мұнай сатып алып, кейіннен оны «Standart Petroleum» және «Mangystau Oil Refining» шағын мұнай өңдеу зауыттарында өңдеп келген. Бұған қоса, жалған сапа паспорттарын жасауды да келісіп алған.

Жалған құжаттарда мұнай пеш отыны ретінде көрсетіліп, Ақтау теңіз порты арқылы шетелге танкермен шығарылған.

Оның заңсыз ісінен 2019-2023 жылдар аралығында бір ғана «Batys Nefte Trade» ЖШС арқылы шетелге 160 мың тоннадан астам мұнай өнімі заңсыз сатылған. Ал оның құны шамамен 45 млрд теңгеге бағаланып отыр.

«Биыл жүргізілген процестік іс-шаралар кешені аясында қылмыстық іс фигуранттарының активтері, сондай-ақ шағын мұнай өңдеу зауыттары, танкер және өзге де мүлік тәркіленді. Жалпы, заңсыз алынған кірістер мен төленбеген салықтар бойынша 2 млрд теңгеден астам қаражат мемлекет кірісіне өндірілді. Ал осыған дейін Ақтау қалалық сотының үкімімен ұйымдасқан қылмыстық топтың бес қатысушысы, оның ішінде шағын мұнай өңдеу зауыттары мен трейдерлік компанияның басшылары 8 жылға бас бостандығынан айырылған», – делінген ҰҚК хабарламасында.

Меморганның мәліметінше, осы былықтың бәрін ұйымдастырған адамға халықаралық іздеу жарияланды.