Қарияның жасы 75-те
Солтүстік Қазақстан облысында үш адам қоқыстан тауып алған сусынды ішіп, уланып қалған. Өкінішке қарай, екеуі қаза тауып, біреуі ауруханада жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл оқиға туралы ең алдымен облыстың көпбейінді қалалық ауруханасы хабарлаған. Дереккөзге сүйенсек, үш ер адам құрамын білмейтін, неден жасалғаны түсініксіз сұйықтық ішіп, уланып қалған.
«Үшеуі де ауыр хәлде жетті. Дем ала алмай, қатты құсқан. Бір ер адам ауруханаға түскен күні, екіншісі үш күннен кейін қайтыс болды. Үшіншісінің жағдайы тым ауыр», - деп жазған аурухана.
Дәрігерлер бұл жағдайдың аса қауіпті екенін мәлімдеп, уланудың арты ауыр зардапқа апаратынын айтып отыр.
«Жалпы, бұл оқиға туралы неге айтып отырмыз? Өйткені, қайдан шыққаны белгісіз сұйықтықтан уланған адам өліп кетуі мүмкін», - деп жазған дәрігерлер.
Ал Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаменті хабарлағандай, осы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалған. Қайтыс болған адамның біреуі 52-де, біреуі 48 жаста екен. Ал 75 қарияның жағдайы ауыр.
«Қаза тапқандардың жасы – 52 және 48-де. Тағы бір зардап шеккен 75 жастағы ер адамның жағдайы ауыр. Болжам бойынша, қоқыс контейнерінен табылған сұйықтығы бар бөтелке тәркіленді. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүріп жатыр», - деп хабарлайды СҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі.